Главная » 2012 » Март » 25 » АЯГӨЗ ҒАСЫРЫ
14.58.00
АЯГӨЗ ҒАСЫРЫ


АЯКӨЗ. ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫНДА ОРНАЛАСҚАН ШАҒЫН ҚАЛА. ОСЫ ШАҒЫН ҚАЛА ЕЛІМІЗДІҢ ШЫҒЫСЫН­ДАҒЫ АЛЫП АЙМАҚТЫҢ ЕҢ ІРГЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ДА ОРТАЛЫҒЫ. АЯКӨЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ӨЗІНДЕ 40 МЫҢ АДАМ ТҰРАДЫ. ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ОРНАЛАСУЫ МЕН ҮЛКЕН ТРАНСМАГИСТРАЛДЫ МҮМ­КІНДІГІ БҰЛ ШАҒЫН ҚАЛАНЫҢ БОЛАШАҒЫНЫҢ ЖАРҚЫН ЕКЕНДІГІНЕ ШҮБӘСІЗ СЕНДІРЕДІ. ТРАНСМАГИСТРАЛДЫ МҮМКІНДІК ДЕГЕНДЕ БІЗ ЕЛІМІЗДІҢ ОҢТҮСТІГІ МЕН ШЫҒЫСЫН ЖАЛҒАП ЖАТҚАН, АРЫ ҚАРАЙ РЕСЕЙ МЕН МОҢҒОЛИЯҒА БАСТАЙТЫН КҮРЕ ЖОЛДЫ ҒАНА МЕҢЗЕП ОТЫРҒАН ЖОҚПЫЗ, КІНДІК АЗИЯНЫ СІБІРМЕН БАЙЛАНЫСТЫРАТЫН ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҰЗЫН ТЕМІРЖОЛ ЖЕЛІСІНІҢ МАҢЫЗЫН ДА БАСА АЙТУЫМЫЗ КЕРЕК.

ШАҒЫН ҚАЛАДАҒЫ
ҮЛКЕН ЖҰМЫСТАР
Аякөз ауданының әкімі Әнуарбек Мұхтархановпен аман-саулық сұрасқаннан кейінгі сұқбатымыз шағын қаланың шаруасы жайында өрбіді.
– Қар көбесі сөгілген мезгілге дөп кел­діңіздер, қазір ғана қаланың тазалығы, қар суының алдын алу туралы тапсырмаларды пысықтап жатыр едім, осыдан бас­таған жөн шығар, – деді Әнуарбек Мұх­тарханұлы әңгіме тиегін ағытып. – Былтырғы жылы қаланы абаттандыру, көгалдандыру жұ­мыстары қолға алынып, 3 жылға бағыт­талған жұмыс жоспары жасалынды. Оның бастысы қаланың көшелерін жарықтандыру. Ал, неше жылдан бері арықтар бітеліп қал­ғандықтан көктемде еріген қар суы көшеге жайылып кететін. Былтыр арық­тарды тазалап, су жүретіндей жасадық. Қазір де жалғасып жатыр. Жалпы биылғы жылы қалаға 324 млн. теңге қаржы қаралып отыр. Жол картасы бойынша облыстан 105 млн. теңге алдық, оның ішінде 33 млн. теңге жергілікті бюджеттен қарас­ты­рылып отыр. Өскемен – Алматы автожо­лының қаланың ішінен өтетін бөлігіне, Қабанбай батыр көшесін жөндеуге, сондай-ақ, орталықтағы Ақтамберді жырау көше­сіне ауданның өз бюджетінен 67 млн. теңге қаралды. Бауыржан Момышұлы көшесіне 43 млн. теңге, жалпы үш көшені жөндеуден өткізуге 200 млн.-ның үстінде қаржы бө­лі­ніп отыр. Бұл шағын қаланың дамуына ба­ғытталған алғашқы қадамдар деуге болады.
Қаланың ішінде қанша жылдан бері шығарылмай қалған қоқыс жатыр. Әр үйдің жанында тау-тау болып жатқан қо­қысты, өкінішті болса да енді қолға алдық. 2011 жылы белгіленбеген жерге тасталған 28 қоқыс үйіндісі тазаланып, шығарылды. Биылғы жылы жұмыс жал­ғасын табады.
Қуаныштысы, қала аумағынан екі үлкен саябақ жасауға жергілікті бюджеттен 70 млн. теңге қаржы бөлінді. Үш жылдың ішінде қаланың орталығын абаттандырып, қолымыздан келгенше қала келбетін жаңғыр­­тамыз ба деп отырмыз. Оның ішінде гүл егу, көгалдандыру, су жіберу жұмыс­тары жасалады…
АЙТПАҚШЫ, ЕЛІМІЗДЕГІ ШАҒЫН ҚАЛАЛАРДЫҢ КӨПШІЛІГІНЕ ТӘН ЖАҒ­ДАЙЛАР АЯКӨЗГЕ ДЕ ШЕТІН ЕМЕС. ДӘЛ ҚАЗІРГІ КҮНІ ҚАЛАНЫҢ ЕҢ ҮЛКЕН МӘСЕЛЕСІНІҢ БІРІ – СУ ҚҰ­БЫР­ЛА­РЫНЫҢ ТОЗУЫ БОЛЫП ОТЫР. 2002 ЖЫЛЫ АЯ­КӨЗДІҢ АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕ­СІН ШЕШУ БОЙЫНША ЖОБА ҚАБЫЛ­ДАНҒАНЫНАН ХАБАРДАР БІЗ ӘКІМНІҢ СӨЗІН БӨЛДІК. ҮШ КЕЗЕҢГЕ БӨЛІНГЕН БАҒДАРЛА­МА­НЫҢ ОРЫНДАЛУЫ ЖАЙЫН СҰРАДЫҚ. АУДАН ӘКІМІ АЙТТЫ:
– Екінші кезегін былтыр күзде аяқтадық. Бұрын қала халқына су төмендегі өзеннен жоғарыға қарай насоспен ешқандай таза­лау­сыз тікелей жеткізіліп отырған. Былтыр­ғы жылы облыс әкімінің қолдауымен қаржы бөлінді. Бірінші кезекте берілген 35 млн. теңгеге Кеңес уақытында салынған 4 мың текше метр су сиятын контррезервуар бар болатын, бірақ іске қосылмаған. Былтыр осыны термос секілді жасап, іске қостық. Сондай-ақ, 8 су ұңғымасы болған, олардың барлығы бітеліп, жұмыс істемей қалыпты. Қалаға дейінгі 4 шақырымдық екі ортаға 2 су жинақтағыш салдық. Тұрғындар был­тырғы күзден бастап тазартылған ауыз су ішіп отыр. Енді үшінші кезеңнің жобалық-сметалық жоспарын жасадық. Облыс әкімі 35 млн. теңге қаржы бөлді. Жалпы бүгінгі күнге жоғарыдағы 1-2 кезең бойынша қала тұрғындары 40 пайыз таза сумен қамтылған. Қалған 60 пайызы 3 кезекпен жүзеге асады. Алдағы 2-3 жылда осы жобаны аяқтай ал­сақ, Аякөз қаласының сумен қамту мәселесі толық шешіледі.
– Қаланың тағы бір мәселесі – жылумен қамтамасыз ету, – деп жалғады сұқбатын әкім мырза. – Қазір қаланың ішіндегі 8 мың аулаға ірілі-ұсақты 68 жылу беру орталық­тары қызмет көрсетіп отыр. Ол қазандық­тардың барлығы жекеменшіктің қолында, жағдайлары ауыр болғандықтан, жүктелген міндеттерін әрең көтеруде. Қыс бойы қай­сысы сыр беріп қалады деп қысылып шық­тық. Және қазандықтар тұрғын үйлерде орналасқан. Кешке жақын қаланың төбе­сінде түтіннен бұлт үйіріліп тұрады. Әй­теуір, мұнда жел жиі соғатындықтан аса білінбей қалады. Осыны шешу үшін үлкен орталық жылу қазандығын салайық деп отыр­мыз. Осы мақсатта 2011 жылы об­лыстық бюджеттен 75 млн. теңге берілген. Оның жобасын Павлодар қаласынан келген «Энер­­гопроект» деген мекеме ұтып алды. Енді үлкен бір жылыту орталығын салып, қалаға жылу орталықтандырылған жүйе­ден берілетін болады деп отырмыз. Бұйыр­са, биылғы тамыз айында бұл жоба толық аяқталады деп күтілуде.
ҚАЙБІР ЖЫЛДАРЫ АЯКӨЗ ҚАЛА­СЫ­НА КӨШІП КЕЛУШІЛЕРДІҢ ҚАРАСЫ АРТ­ҚАН БОЛАТЫН. ЖАЛПЫ, САУДА-САТ­ТЫҒЫ ҚЫЗҒАН, ЕКІ ҚОЛҒА БІР КҮРЕК ТАБЫЛАТЫН КЕЗ-КЕЛГЕН ӨҢІРДЕ ІШКІ МИГ­РАЦИЯ КҮШТІ. ШАҒЫН ҚАЛАЛАРДА УРБАНИЗАЦИЯ ЖҮРІП ЖАТЫР. БҰЛ ҮРДІС АЯКӨЗДЕ ҚАЛАЙ ЕКЕН? ӘРІ АДАМ САНЫ АРТҚАН ЖЕРДЕ БАСПАНАМЕН ҚАМ­ТАМА­СЫЗ ЕТУ, МЕКТЕППЕН ҚАМТУ, БА­ЛАБАҚШАҒА ТАРТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТУЫНДАЙДЫ ЕМЕС ПЕ? ӘКІМНЕН ОСЫНЫҢ ЖАЙЫН БІЛДІК.
– Балабақша салу жағынан Аякөз ауданы облыста ең төменгі көр­сеткіште. 2009 жылы мен осы ауданға әкім болып келген кезде балабақшамен қам­тамасыз ету 38 пайыз ғана болатын. Ая­көздің өз басында есепте тұрған 1200 бала бар. Оны шешудің екі жолы бар. Біріншісі, мектептердің бос тұрған бөлігінен шағын орталықтар ашу. Былтырғы жылы аудан бойынша осындай 775 орын аштық. Қазір қамтуды 55 пайызға жеткіздік. Дегенмен, бұл барлық проблеманы шешпейді. Сон­дықтан, өткен жылы 200 және 140 орындық екі балабақша салу жос­парын бекіттік. 200 орындық балабақ­шаның құрылысына қаржы облыстық бюджеттен бөлініп отыр. Ал 140 орынды балабақшаны ауданның қаржысы есебінен салмақшымыз. Меншікке беріліп кеткен ғимараттарды қайтару ісі де қоса жүргізілуде. Былтыр қалада аудандық сот отырған 250 орындық бұрынғы бала­бақшаны қайтарып алдық. Аманшылық болса, келесі жылы күзде ауданда 620 орын­дық балабақша пайдалануға беріледі.
Тағы бір мәселе мектеп, балабақша салуға қаланың ішінде бос жер жоқ. Оны салу үшін инженерлік жүйесі бар жер қажет. Ал, ондай жерлердің барлығы бос емес. Сол себепті біз апатты жағдайдағы ескі ғимараттарды есептен шығарып, солардың орнына жаңа құрылыс нысандарын салуды ойластырып отырмыз. Үш мектептің нысанын апатты жағдайда деп тауып, бұзуға жібергелі отырмыз. Әрине, бұл мәселені шешу үшін алдымен үй салу қажет. 60 пәтерлік 5 қабатты екі үйдің жобасын қа­растырып жатырмыз. Бұл үйлердің құ­рылысы аяқталғанда екі этажды ескі үй­лердің тұрғындарын осы 5 қабатты тұрғын үйлерге көшіріп, қаншама жерді босат­пақпыз. Ол дегеніңіз мектеп, балабақша секілді нысандарды салуға мүмкіндік ту­ғызады.
Облыста қолға алынған термомодернизация мемлекеттік бағдарлама аясында 6 үйді қайта жөндегелі отырмыз. Жылуын, суын, барлық қажетті дүниесін жабдықтап бітірсек, жыл сайын өзге үйлерді де қолға алсақ па деп отырмыз. Жертөлесінен бастап шатырына дейін жаңартып берсек, тұр­ғындарға үлгі ретінде көрсетіп, ары қарай жалғастыруға болады деп ойлаймын, – деп түйіндеді өз ойын аудан әкімі Әнуарбек Мұхтарханов.
АЯКӨЗ ҚАЛАСЫНЫҢ БҮГІНГІ ТЫ­НЫС-ТІРШІЛІГІ ТУРАЛЫ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫ САРАЛАП ШЫҚҚАН ӘКІМ­ГЕ ЖАЛПЫ АУДАННЫҢ ДАМУЫ, АУЫЛДЫҚ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ ТУРАЛЫ САУАЛДАРДЫ ЖАУДЫРА БАС­ТАҒАНБЫЗ. МИЫҒЫНАН КҮЛГЕН ӘНУАР­БЕК МҰХТАРХАНҰЛЫ:
– «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген, сапарларыңыз Ұлыстың Ұлы күніне орайлас болып тұр әрі ауылдағы ағайынның дәл қазіргі күйін кабинетте отырып айт­қаннан гөрі ішкерілей еніп, көзбен көрген дұрыс шығар. Ауылға барыңыздар, аралап көріңіздер! – деді де өзінің идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Сейілбек Ысқақовқа тізгінді тапсырды. Бұдан арғы бағытымыз қазақтың құтты қонысы, айналайын ауылдарға қарай бұрылды…

АЯКӨЗДЕН 40 ШАҚЫРЫМ ЖЕРДЕ:
ҚАРАҒАШТЫҢ ОҚУШЫЛАРЫ ЖАҢА МЕКТЕПТІ КҮТІП ЖҮР
ҚАРАҒАШ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ АУДАН ОРТАЛЫҒЫНАН ҚОЗЫКӨШ ЖЕРДЕ ЖАТЫР. ҚЫР ЖАЙЛАУҒА КӨШКЕН ҚАЗАҚ ҚОЗЫКӨШТІҢ ШАМАСЫН БІЛЕДІ, БІРАҚ, БІЗ МІНГЕН «ВОЛГАНЫҢ» ЖҮРІСІ АЯҢ­НАҢ АСПАЙ-АҚ ҚОЙДЫ. АЯКӨЗ БЕН АҚ­СУАТТЫҢ АРАСЫН ЖАЛҒАП ЖАТҚАН ҚА­РА ЖОЛДЫҢ САПАСЫ ТУРАЛЫ СӨЗ АУЫЛ-АУДАНДЫ ҚОЙЫП ПАРЛАМЕНТТЕ КӨТЕРІЛГЕН БОЛАТЫН. БІЗГЕ ДЕЙІН БҰЛ АЙМАҚҚА АТ ШАЛДЫРҒАН ӘРІПТЕС­ТЕ­РІМІЗ ОСЫ ЖОЛДЫ «ЛАМБАДА» БИЛЕЙ­ТІН ЖОЛ» ДЕП ТЕ ЖАЗҒАН-ТҰҒЫН. СОЛ ЖОЛМЕН КЕЛЕМІЗ. «ЛАМБАДАНЫ» ҚАЙДАМ, «ҚАРА ЖОРҒА» ҚИСЫНҒА КЕП ҚАЛАДЫ…
Ауылда Наурыз тойы өтіп жатыр. Базбір ауылдардағы ақсарайдай мәдениет үйлері бұзылып, жекешеленіп жатқанда, қарағаштықтар шағын клубын сақтап қалыпты. Мектеп мұғалімдері мен ауылдың әжелері сахнаның гүлі екен. Қыс қыр­сауы­нан қысылып шыққан жұрт бір жасап қалды. Дастарқан тоқ. Сүрі қазы мен қы­сырдың қымызы да тұр. «Дастарқаннан алмайтын болмайды деп атам айтатын еді. Бұрынғының сөзінің бәрі рас. Қазақтың киесі осы мол дастарқанында ғой, жауының меселін адал асымен қайтарып, досының мерейін таза ниетімен өсіретін игі дәстүрдің жібі үзілген жоқ. Қазір қай үйдің есігін ашсаң да алдыңнан ағарған алып шығады. Дәстүрдің жалғастығы, ауыл тұрмысының жақсарғандығының да белгісі деп қабыл­даңыздар!» деп бір қойды бізді төрге оз­дырған Сейілбек аға. Ал, ауыл әкімі Талғат Сыздықаев қызметке әбден төселген, тә­жірибесі мол азамат екен. Керекті деректі жатқа соқты:
– Округта 1106 тұрғын бар, оның тоғыз жүз он жетісі осы Қарағаш ауылында, жүз сексен бесі Қаражал ауылында тұрады. 126 зейнеткеріміз, 1 ардагеріміз бар. Батыр Ана саны – тоғыз. 135 бала партада отырса, 80 қарадомалақ мектепке дейінгі жаста. 2865 бас ірі қара, 1728 уақ мал бар. Отыз бір шаруа қожалығы жер еміп, мал өсіріп отыр, – деп өз жұмысынан хабардар етті. «Жан санына қарағанда мал саны тез өсіпті» деп жатырмыз біз.
Ал, қарағаштықтардың биылғы жылдан күтері мол. Ол – ауылда бой көтеретін жаңа мектептің құрылысы. 120 орындық нысан тамызда тұсауын кессе, Тәуелсіздіктің жиырма жылы ішінде жаңа ғимаратқа еніп көрмеген тұрғындар бір жасап қалайын деп тұр. Жамбыл Жабаев атындағы орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі Роза Кабиева «Тұсаукесер тойымызға келіңіздер!» деп қиылып қалды. Бұйырса дедік біз, бұйырт­сын дедік тағы!

АЯКӨЗДЕН 65 ШАҚЫРЫМ ЖЕРДЕ:
АҒАЙЫНДЫЛАР АУЫЛДЫ АЛАҚАНЫНА САЛЫП ОТЫР
АҚШИ АУЫЛЫНА КІРЕ БЕРГЕНІМІЗДЕ ШАТЫРЫ КҮН СӘУЛЕСІМЕН ШАҒЫЛЫСҚАН ЖАҢА ҒИМАРАТ БІРДЕН ӨЗІНЕ ТАРТЫП ӘКЕТТІ. КӨЛІКТІҢ АЛДЫҢҒЫ ОРЫНДЫ­ҒЫНДА ОТЫРҒАН ЖОЛБАСШЫМЫЗ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ СЕЙІЛБЕК АБЫЙЫРҰЛЫ: «АҚШИДІҢ МЕКТЕБІНДЕЙ МЕКТЕП КЕЙБІР АУДАН, ТІПТІ ҚАЛА ОР­ТАЛЫҚТАРЫНДА ЖОҚ» ДЕП БІР ҚОЗҒАЛЫП ҚОЙДЫ. ДЕСЕ ДЕГЕНДЕЙ-АҚ ЕКЕН, 180 ОРЫНДЫҚ БІЛІМ ОРДАСЫНЫҢ ІШІ КІРСЕҢ ШЫҚҚЫСЫЗ.
Мемлекеттік «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен салынған жаңа мектептің сынып бөлмелері заман талабына сай жабдықта­лыпты. Жаңа дүниенің аты жаңа ғой шіркін, мектептің іші-сыртын аралатып жүрген директор Ахметқазы Жұмағазин қуанышы қойнына сыймай: «Мұның алдындағы мек­тебіміздің жағдайы өте мүшкіл болатын. Жаңа білім ордасы Ақшидің 180 баласының игілігіне айналып отыр», – дейді. Мектептің ішінен ауылдың өткен тарихынан сыр шер­тетін үлкен мұражай ашылыпты. Көненің көзіндей жәдігерлерді жинастырып, көп­шілікке ұсынған осы мектептің қарт ұстазы Қабижамал деген кісі екен. Тағы бір айта кететін жайт, аудан әкімінің тапсырысы бо­йынша мектептің бос аймағынан интернат ашылып, жұмыс істеп тұр. Тұрмысы төмен отбасылардың балалары тегін жатады. Бұл әсіресе, Ақшиден 18 шақырым жердегі қосшы ауыл – Ақтүбектің балаларына қолайлы. Әйтсе де, баласын мектептің іргесіндегі жаңа интернатқа жатқызуды намыс көріп, 18 шақырымнан көлікпен күнделікті әкеліп-әкетіп жүргендер де бар екен. Қатынап оқыған оқу, оқу бола ма? Әй, осы біздің ағайындар да қызық қой. Сірә, үйдегі 3-4 тайыншаның астын тазалатып, суғару үшін балаларын интернатқа жібермей отырған көрінеді.
Ақши ауылы өзге елді мекендермен салыстырғанда аудан орталығы Аякөзден аса қашық емес, 65 шақырымдай ғана жерде. Ауылдық округтегі жалпы тұрғын саны 1080 адам. Былтырғы жылы «Жол картасы» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 34 млн. 700 мың теңге бөлініп, ауылдың ауыз су құбыры күрделі жөндеуден өткізіліпті. Ауылда 5 шаруа қожалығы егін шаруашы­лығымен, өзгесі мал шаруашылығымен айналысып жатқанын айтқан әкім Бекжан Қасенов бізді бірден шаруашылықтың басына алып барды. «Сандықтас» және «Асхат» атты қос қожалықтың басын ұстап отырған ағайынды Жұмахановтар дейтін сайдың тасындай жігіттер екен. Өткен жылы гектарына 15 центнер бидай, 12 центнер арпа алған іскер азаматтар биылғы жылы 1,5 мың гектар жерге егін саламыз деп отыр. «Біздің жер суармалы емес. Дегенмен, қыс бойы техника мен жігіттердің күшінің арқасында 500 гектар жерге қар тоқтаттық. Екі қожалық бірігіп 21 жұмысшы ұстаймыз, айлығы орта есеппен 55 мың теңгеден айналады, 8 МТЗ-80 тракторы, 2 комбайн, 2 К-700 тракторымыз, 4 үлкен жүк машинамыз бар. Жазда жұмысшыларға деп картоп саламыз. Биылғы қыста ауылдағы жоқ-жітік, жалғыз басты адамдарға деп қаладан 27 тонна көмір әкеп тегін түсіріп бердік» дейді Алтай Жұмаханов. Айта кету керек, бұл екі қожалық мал шаруашылығын да қатар дамытып отыр. Бүгінгі күні қойдың басын 1,5 мыңға, сиырды 200-ге жеткізген. Қысы-жазы ашық аспан астында еңбек етіп, күнге тотыққан осынау шаруақор азаматтарға іске сәт айтып, Ақшиден аттанып кеттік…

АЯКӨЗДЕН 80 ШАҚЫРЫМ ЖЕРДЕ:
АЙҒЫЗ АЙМАҚТАҒЫ ТІРЕК АУЫЛЫНА АЙНАЛАДЫ
«МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАНЫҢ НЕ­ГІЗІНДЕ 3 АУЫЛДЫҚ ОКРУГТІ «ТІРЕК АУЫЛ­ДАР» ДЕГЕН МӘРТЕБЕГЕ ҚОСЫП ОТЫРМЫЗ. ОҒАН АЙҒЫЗ, НАРЫН, ТАР­БАҒАТАЙ АУЫЛДАРЫ ӨТТІ. БИЫЛҒЫ ЖЫЛЫ БҰЛ АУЫЛДАРДЫҢ ӘРҚАЙСЫСЫНА 25 МЛН. ТЕҢГЕДЕН ҚАРЖЫ САЛАМЫЗ. АУЫЛДЫҢ ИНФРАСТРУКТУРАСЫН, КЕЛБЕТІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІП, ҮЛКЕН ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗБЕКПІЗ. ҚАЛҒАН АУЫЛДАР ДА БІР­ТІНДЕП ОСЫ ЖҮЙЕ БОЙЫНША ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ…» ДЕГЕН БОЛАТЫН САПАРЫ­МЫЗДЫҢ ЕКІНШІ КҮНІНДЕ БІЗДІ ЖОЛҒА САЛҒАН АУДАН ӘКІМІ ҚАСЫМЫЗҒА ӨЗ КӨМЕКШІСІ ЕРМЕК ДАЙЫРБАЕВТЫ ЖОЛБАСШЫЛЫҚҚА ҚОСЫП БЕРІП ТҰРЫП. СОЛ ТІРЕК АУЫЛЫН КӨРМЕККЕ КЕЛЕ ЖАТЫРМЫЗ…
Айғыз – оңтайландыру жылдары қыс­қартудың құрығына бірінші іліккен Шұбартау ауданының қарамағындағы іргелі ауылдардың бірі болатын. 1959 жылы құрылып, Кали­ниннің есімін бертінге дейін иеленген ауыл қазір де өңірдегі бетке ұстар мекеннің бірі. Табиғаты Шұбартаудың ішкі ауылдарына қарағанда қолайлы, тал-дарағы мол, көркем­деу келеді. Қарағанды – Боғас автокөлік дәлізінен 5 шақырым қашықтықта орналасқан ауыл биыл «Тірек ауылдар» жобасына кіріпті. Ауылдың дамуы үшін қанша көлемде болсын қаражат артықтық етпейді. Ал, аудандық бюджеттен бөлінетін қаражаттың сыртында игеруге берілетін 25 млн. теңгеге көп нәрсе жасауға болады. Ауыл әкімі Айдар Шәйкенов іскер, жұмыстың ретін білетін кәнігі маманға ұқсайды. 1793 адам мекен ететін округтің тізгінін мықтап қолға алыпты. 72 шаруа қожалығы бар екен. 4878 бас ірі қара, 13906 бас уақ мал, 1155 бас жылқы ұстайтын ағайын сыртқа қол жайған емес. Намысты қазақтың қазанына ас салып бермек түгілі, итің жаман деп көріңізші, қанжығада көріссін! Сондай мінезді ұлдарының арқасында ауылдың ырыс артып тұрғаны анық. Қажетті нәрсенің бәрі бар, ауыз су құбырын қатырып жөндеп алыпты. 14 шақырымды құрайтын су жүйесі 2008 жылы 113 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткен. Дәрігерлік амбулатория бар, 200 орындық клубтың шамы және жанып тұр. Айтпақшы, тірек ауылдары жобасы бойынша бөлінген қаражаттың 12,25 млн. теңгесі облыс бюджетінен болса, ауданның үлесі – 5,25 млн. теңге. Қалған қаражат жергілікті көздерден тартылады, мөлшері, теңгемен 7,0 миллион. Әкім «қаржы көзін таптық» деп қалды. «Инвестиция ғой» деді. Бұл дегеніңіз бұған дейін мұнай өндіру мен үлкен өндіріске ғана ақша құятын қалталылардың жуан мойыны ауылға бұрыла бастады деген сөз. Бәрекелді!
Және бір аз сөз жергілікті мектеп жөнінде: 1983 жылы салынған. Үш жүзге тарта оқу­шысы бар. Мультимедиалық кабинет жұмыс жасайды, 1,346 мың теңгеге интер­активті тақта сатып алыныпты. Мектеп жанында 50 орындық «Қарлығаш» шағын орталығы жұ­мыс істеуде. Жалпы, ауылда отырып, әлемнен хабар алатын қазіргінің оқушысы қандай бақытты дейсіз компьютер сыныбына кіріп шыққасын. «Интернетіміздің жылдамдығы баяу. Цифрлық жүйе орнатамыз деген еді, күтіп отырмыз… «Отау-ТВ» келіп жақсы болды, 30 телеарна бар, таңдап көретін болдық!» дейді айғыздықтар. Алып- қосарымыз кәні?

АЯКӨЗДЕН 162 ШАҚЫРЫМ ЖЕРДЕ:
ҚОСАҒАШТЫҢ МЕКТЕБІНЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ҚАЖЕТ
АЙҒЫЗДАН ЕРТЕРЕК АТТАНСАҚ ТА, ҚОСАҒАШҚА ЖЕТКЕНШЕ ШАҢҚАЙ ТҮС БОЛДЫ. БАЯҒЫ БҮКІЛ ЕЛ БІЛЕТІН ШҰБАРТАУДЫҢ ЖОЛЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҒОЙ, ӘЙТПЕСЕ ЕКІ АРА 80 ШАҚЫРЫМДАЙ ҒАНА. ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚ «ҚАЙТА БҰЛ ТҮЗЕЛГЕНІ ҒОЙ» ДЕСТІ.
Ауылдың тыныс-тіршілігін әкім Бекбай Қазовтың өзінен естіп, білдік. Қосағаш ауылдық округінің халық саны 1082 адамды құрайды. Ауылдағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте 155 оқушы оқиды. Сонымен қатар, мектеп алды даярлық бөлімінде 17 бала, ал 3-4 жасарлардан 25 бө­бек тәлім алуда. Дегенмен, мектептің жылу мәселесінде проблема бар екен. Ескірген ғимараттың терезелерінен суық ұрып, аязды күндері іші салқын тартып, оқушылар қалың киіммен отыруға мәжбүр.
Қосағаш ауылының халқы да мал басын көбейтуге бет бұрып, тіршілік қылып жатыр екен. Биылғы қыстан шыққан қой малының өзі 12 мың басты құраған. Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі бағдарлама бойынша ауылдан 6 адам несиеге тапсырыс беріп қойыпты. Ауылда мал басын көбейтуге бет бұрған жастың бірі Дархан Шақатайұлы. «Жасұлан» шаруа қожалығын ашып, 50 бас сиырдың басын құраған азамат ірі қараның басын өсірмек ойы бар екенін жеткізді.
Қосағаш ауылындағы шаруаның жайын айтқанда «Ақышбай» қожалығын айтпай кету орынсыз. Өйткені, Мұрат Сабыржанов басшылық ететін бұл қожалықтың аты ау­данға асып, аймаққа мәшһүр. Бүгінгі күні асылтұқымды шаруашылық деген статусқа ие болған «Ақышбай» қожалығында 2,5 мың бас саулық қой, 400-дің үстінде ірі қара 500-ге тарта жылқы бар. Мұнда 30-ға тарта жұмысшы еңбек етеді. «Асылтұқымды мал өсірудің өзіндік қиындығы болады. Үш жылдан бері Үкімет еттің келісіне 100 теңгеден субсидия төлеп келген еді. Алайда, биылғы жылы осы мәселе тоқтап тұр. Осының мәнісін білмей дал болып отырған жайымыз бар. Одан бөлек тағы екі мәселеміз бар. Былтырғы жылы барлық малдың құлағына сырға салғанбыз, биыл ол сырғалардың барлығы түсіп қалды. Енді тағы да сырғалау керек пе? 400-дің үстіндегі малды жыл сайын ұстап, сырға­лаудың қиындығын былай қойғанда, қаншама құжатты қайта толтыруың керек қой. Екінші мәселеміз – аусыл ауруы. Біз әлі күнге аусылға қарсы еккен жоқпыз. Вакцина берілген жоқ. Өзге өңірлерден шығып жатқан аусыл бізге келіп, малды қырып сала ма деген үреймен отырмыз», – деп өңірдегі мал ұстаған ағайынның ортақ мәселесін қозғады Мұрат Сабыржанов.
Қосағаштағы басты мәселе – су тап­шылығы. 2010 жылы су тасқыны «Ақтоған» су арнасының бөгетін бұзып кеткендіктен 1 мың гектар суармалы жерге су жетпей тұр. «2011 жылы «Ақтоған» облыстағы «Шығыс су қоймалары» мемлекеттік мекемесінің тең­геріміне өткізіліп берілген болатын. Аталған мекеме басшысына биылғы жылы бөгетті қалпына келтіру жөнінде хат жаздық, жауабын күтудеміз», – дейді ауыл әкімі Бекбай мырза.
Ауыз су мәселесі де толық шешілмей тұр. 2006 жылы «Таза су» бағдарламасы бойынша 430 млн. теңге бөлініп, «СемКазСтрой» деген мекеме су құбырын жөндеу жұмыстарын мойнын алғанымен аяғына жеткізбей кеткен. Құдықтың электр желілері дұрыс жұмыс істемейді. Осыған байланысты ауыл тұр­ғындары суды белгілі бір уақытта ғана ағызып алуға мәжбүр.

АЯКӨЗДЕН 180 ШАҚЫРЫМ ЖЕРДЕ:
КИІЗ ӨНДІРІСІНІҢ ӨРІСІН КІМ ТАРЫЛТЫП ОТЫР?
ШҰБАРТАУ ӨҢІРІНЕ ЖОЛЫ ТҮСКЕН ЖАН БАРШАТАСТЫҢ БАСЫНА БІР СОҚПАЙ КЕТПЕЙДІ. БАРШАТАС БҰРЫНҒЫ ШҰ­БАРТАУ АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ БОЛҒАН. АУДАН ОРТАЛЫҒЫ АЯКӨЗДЕН 180 ША­ҚЫРЫМ ЖЕРДЕ ОРНАЛАСҚАН БАРШАТАС АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ БҮГІНДЕ 3012 ХАЛЫҚ ТҰРАДЫ. ОКРУГТЕ 64 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР БАР. АЛАЙДА, ОНЫҢ 34 МЫҢ ГЕКТАРЫ ҒАНА ЖАРАМДЫ ЖЕР ЕСЕБІНДЕ. ДЕГЕНМЕН АУДАН ӘКІМІНІҢ ТІКЕЛЕЙ ҚА­ДАҒАЛАУЫМЕН БҰРЫНҒЫ ШҰБАРТАУ АУДАНЫНА ҚАРАСТЫ 9 АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРГЕ ІРІ КӨЛЕМДЕ ҚАРЖЫ БӨЛІНІП ЖАТЫР.
Баршатас ауылдық округінің әкімі Бауыржан Мұқашевтің айтуынша, ауылдың жастарына шағын футбол алаңын жабдықтауға деп 5 млн. теңге, орталық саябаққа 3 млн. 900 мың теңге, 2 млн. 190 мың теңге мектептің сыртын жөндеуге деп бөлінген. Сонымен қатар, «Ертіс» ауылдық бөлімшесінің көшесін жарықтандыруға да 2 млн. теңге беріліп отыр. «Одан бөлек жергілікті кәсіпкерлердің инвестициясының арқасында 2,5 млн. теңге қаржы қарастырдық. Бұл қаржыға Шұбартау көтерілісінің 80 жылдығына орай орталық саябақтан үлкен ескерткіш қойып, көшеттер отырғызсақ дейміз. Сондай-ақ, Уәйіс Шондыбайұлының атындағы Мәдениет үйінің алдынан Уәйіс атамызға да арнап ескерткіш орнатамыз. Бұл да жергілікті азаматтардың қаржысына салынады», дейді әкім.
Баршатастың басында 25 төсектік ауылдық аурухана, 10 төсектік күндізгі стацио­нар жұмыс істейді. Жалпы, мекемеде 54 қызметкер жұмыс істесе, оның 6-уы дәрігер. 2010 жылы «Жол картасы» бойынша аурухананы жөндеуге 18 млн. 400 мың теңге бөлініп, ішкі-сыртқы жұмыстары жасалып, жаңар­тылған. Биылғы жылы да облыс әкімінің көмегімен 1-қабаттағы емхананы толықтай жөндеуден өткізуге 32 млн. теңге қарас­тырылып отыр.
Баршатастың бұрынғы аудан орталығы болғанын айттық. Осыған орай, 2007 жылы Ауылшаруашылығы министрлігінің ше­шімімен мұнда мал дәрігерлік зертхана салу туралы шешім шығарылған. Ондағы мақсат Дүниежүзілік сауда ұйымына кірер ал­дындағы әлемдік талаптарға сай жұмыс істеу. Баршатас аумақтық мал дәрігерлік зерт­ханасының меңгерушісі Серік Қазкеновтың айтуына қарағанда, 2011 жылы мамыр айында нысанның құрылысын жүргізуге тендер өтіп, 98 млн. теңгені Қызылорда қаласындағы «Айдана» фирмасы жеңіп алған. Қазір мұның басында алты-алтыдан 12 адамдық 2 бригада жұмыс істеп жатыр. Екі қабаттан тұратын зертхана бұрынғы Шұбартау ауданы тер­риториясындағы 9 ауылдық округтің төрт түлігінің жай-күйін зерттеп, тексеріп отыратын болады. Зертхана 2012 жылдың 1 тамызында пайдалануға берілуге тиіс. «Біздің міндетіміз ауруды алдын ала зерттеп, дер кезінде анықтау. Бүгінгі күнге 9 округ бойынша 3914 бастың қаны тексерілген. Бір ғана «Бидайық» ауылдық округінен бруцеллез індеті шықты. Өзгесі аман»,– дейді Серік Қазкенов.
Баршатаста кезегін күтіп тұрған істің бірі – «Аякөз-Суырлы» киіз басу цехы. Әуелгіде «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­циясының қаржысы арқылы салынады деп келісілген цехтың құрылысына қажетті қа­ражат белгісіз себептермен берілмей қалған. «Негізі киіздің алғашқы өнімін шығардық, тек жуу жағына келгенде қаржы жетіспей тоқтап қалды. Енді бір 15 млн. теңге қаржы берілсе, барлық жұмыс істеуге болады. Кәсіпорынның қуаты тәулігіне 2 тонна киіз шығаруға жетеді. Бүгінгі күні киізге де, киіз үйге де сұраныс өте көп. Тіпті, Ресейдің аяқкиім фабрикасының өзінен сұраныс келіп түсіп жатыр. Олар айына 6 тонна киізге шейін тапсырыс береміз дейді. Бұл бір айда 18 млн. теңге кіріс көзі деген сөз»,– дейді кәсіпорын бастығы Жекен Сарқытбаев. Киіз басу цехының өңірге беретін мүмкіндігі мол. Ең алдымен қойдың жүнін өткізе алмай отырған шаруаларға тиімді. Кәсіпорын киізді қанша қалыңдықта керек болса, сол мөлшерде шығарады. Шикізат көп. Қойдың жүні кез келген ауылдың маңында неше жылдан бері тау-тау болып үйіліп жатыр. Тек тазалап, жуу жағы қиындау. Бір тонна жүнді қолмен жуу үшін 20 күн жоғалтуға тура келеді деседі. Сондықтан жұмысты механикаландыру қажет-ақ. Цех толық қуатына кірген кезде 28 адам жұмыс істейтін болады. Ұзындығы 30 метрге дейін жететін киіз шығаруға болады. Болашақта «Аягөз-Суырлы» киіз басу цехынан шыққан бір үйдің киізі жібімен, бауымен 1 мың доллардың көлемінде болады деп күтілуде.
…АЯКӨЗДЕН АЛМАТЫҒА АВТОБУС КӨЛІГіМЕН ҚАЙТУҒА ТУРА КЕЛДІ. ҚАЙТАР ЖОЛДЫҢ БИЛЕТІН АЛМАТЫДАН ШЫ­ҒАР­ДА-АҚ АЛМАҚ БОЛҒАНЫМЫЗДАН ТҮК ШЫҚПАҒАН ЕДІ. БҰЛ БАҒЫТТА ЖҮРЕТІН БАРЛЫҚ ПОЙЫЗДАРҒА ОРЫН ЖОҚ. ОЛ ТҮСІНІКТІ ДЕ, НАУРЫЗ МЕРе­КЕСІНДЕГІ ДЕМАЛЫСҚА ОРАЙ СТУДЕНТ ЖАСТАР ТУҒАН АУЫЛДАРЫНА БАРЫП, БІР АУНАП-ҚУНАП ҚАЙТАТЫН СӘТ ҚОЙ, ЖОЛДА АДАМ ЫРҒЫН. АЙТПАҒЫМЫЗ БҰЛ ЕМЕС, ӘРИНЕ. БІЗ МІНГЕН АУЫР АВ­ТОБУСТАҒЫ ЖОЛАУШЫЛАРДЫҢ ДЕНІ ЖАС­ТАР ЕКЕН. көпшілігі АЛМАТЫДАҒЫ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДА ОҚИТЫН БОЛЫП ШЫҚТЫ. ЕЛДЕГІ ІРГЕЛІ ІСТЕРДІ КӨРІП, КӨҢІЛ ТО­ҒАЙТЫП ҚАЙТҚАН БІЗДІ БҰЛ КӨРІНІС ТІПТІ ШАТТАНДЫРЫП ЖІБЕРГЕНДЕЙ. БІР АУДАННАН ШЫҚҚАН ОТЫЗ-ҚЫРЫҚ ШАҚТЫ СТУДЕНТ ЖҰБЫН ЖАЗБАЙ БІР КӨЛІКПЕН АЛМАТЫҒА БЕТ АЛСА… БО­ЛА­ШАҚ ЖАСТАРДІКІ!
ЫҢЫРАНҒАН КӨЛІКТІҢ ІШІН КӨҢІЛДІ ӘУЕН КЕРНЕДІ. ЕРКІН НҰРЖАН ҒОЙ: «жү­регімде қап қойған… са­ған кім екен АЯКӨЗ ДЕП ат қойған?..».
Біз ақын Мұқағалидың әйгілі өлеңін күбірледік. «Аякөз болып ғасырлар алға көшеді…». бұл – аякөз ғасыры!

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
Бауыржан САБЫРБЕКОВ,
«Дала мен Қаланың» арнаулы тілшілері.
Алматы – Аякөз – Алматы.

Әнуарбек Мұхтарханов,
«Нұр Отан» ХДП Аякөз аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі:

– Ел экономикасының тұрақтанғанды­ғының белгісі шығар, қазір ішкі миграция бәсеңдеді. Ал, қалаға күнкөріс іздеп кел­гендердің әлеуметтік жағдайына ықпал ету міндет қана емес, парыз! Шүкір, шаңырақ көтеріп, баспаналы болып жатқандар бар. Оның дәлелі, былтырғы жылы ғана ауданда жекеменшік есебінен 4 600 шаршы метр тұрғын үй салынды. Жылдар бойына шешілмей келген тұрғын үй мәселесі бойынша да жоба жасап жатырмыз. Қала бойынша 350 адам кезекте тұр. Мәселен, соңғы 20 жылда бюджет есебінен бірде бір үй салынбаған. Қалада көпқабатты 130 тұрғын үй болса, соның сексені 1930 жылдары салынған. Көбінің кәріз жүйелері істен шыққан, ыстық суы жоқ, тіпті 5-ші қабатқа көмір тасып, отты үйден жағып отырғаны бар. Сондықтан бұл тарапта да үлкен жұмыстар жасалуы тиіс.

ДЕРЕК өрнектеген түйін
Ауданның барлық өнеркәсібі бойынша 2011 жылы қолданыстағы бағамен 5870,0 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, 2010 жылға қарағанда 144,2 пайызды құрады. Нақты көлемнің индексі – 298,6 пайыз. Ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі – 11201,4 млн. теңгені немесе 2010 жылға қарағанда 101 пайызды көрсетті. Атап айтқанда мал шаруашылығы өнімінің үлесі – 74,8 пайыз, өсімдік шаруашылығы – 25,2 пайыз. 2012 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша ауданда 59654 бас ірі қара, 270565 ұсақ мал, 19505 бас жылқы және 31541 құс тіркелген. Тірі салмақтағы ет – 16034,9 тонна, сүт – 4510,6 тонна, жұмыртқа – 4020,5 мың дана өндірілген. Жүн өндіру 0,2 пайызға жоғарылап, 539,3 тоннаға жеткен. Жыл бойында 7848 тонна дәнді дақыл, 878 тонна майлы дақыл, 7733 тонна картоп, 4536 тонна көкөніс жиналды. 2012 жылдың 1 қаңтарында бөлшек сауда тауар айналымының көлемі – 6326,9 млн. теңгені құрады, оның басым бөлігі (71,3 пайыз) базарлар мен жеке кәсіпкерлерге тиесілі. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 3977,9 млн. теңгеге жетіп, 241,2 пайызға артқан. 2012 жылға Аякөз қаласының көшелерін жөндеуге – 224,0 млн. теңге, саябақтарды жаңартуға – 71,3 млн. теңге, қала көшелерін жарықтандыруға – 12,2 млн. теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ, ауылдың көшелерін жарықтандырып, абаттандыруға республикалық және облыстық бюджеттен – 42,6 млн. теңге, аудандық бюджет есебінен – 13,9 млн. теңге бөлінген.

«Нұр Отан» ХДП Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі
Бердібек САПАРБАЕВ
өңірдегі шағын қалалардың бүгіні мен болшағы туралы ойын былай деп қорытты:
– Қазақстан Үкіметі өте бір маңызды мәселені күн тәртібіне қойып отыр. Осы уақытқа дейін республикамыздың түкпір-түкпіріндегі шағын қалалардың көпшілігі шықпа жаным, шықпамен күн көріп келгені жасырын емес. Енді Қазақстандағы осындай 27 шағын қаланың экономикалық қуатының өсуіне, ондағы шағын және орта бизнесті дамытуға, әлеуметтік мәселелерін шешуге Үкімет көмек қолын созбақшы. Бұл тізімге Шығыс Қазақстанның Зырян, Курчатов, Риддер, Серебрянск қалалары енді. Біз бұлардың қатарына об­лысымыздағы Зайсан, Аякөз, Шар, Шемонайха қалаларын енгізу жайлы Үкіметке өтініш жасадық. Жоғарыдағы қалалардың барлығына тән жетіспеушілік – су құбырлары әбден тозған. Тозу деңгейлері 80-90 пайызды құрайды. Бұл саланың нысандары өткен ғасырдың 40-50 жылдарында салынған. Көбі жөндеу көрмеген. Шағын ғана мысал, Риддер қаласының құбыр желілерінде бір жыл ішінде ғана 1200-1300 апат орын алады. Сонымен бірге бұл қалалардың тамырларына қан жіберіп отырған көптеген стратегиялық нысандар меншіктің қолына өтіп кеткен. Олардың салып жатқан инвестициялары мардымсыз. Көпшілігінде қаржымен нығыздалған инвестбағдарламалар жоқтың қасы. Мәселен, Риддердегі «ЛК ГЭС» ЖШС-ін алайықшы. Ондағы плотина құрылысы 1950 жылдары басталып, 1964 жылы пайдалануға берілген. Жарты ғасырдан астам күрделі жөндеусіз тұрған стратегиялық нысан ертеңгі күні қауіп ошағына айналуы мүмкін. Сондықтан, мен осындай нысандарды мемлекет меншігіне қайтарып алу хақында Үкіметке сұраныс жасадым. Ең дұрысы сол.
Әрине, Үкімет жоғарыдағы тізімге мемлекеттің қуатын арттыруға үлес қосатын қалаларды кіргізгені шындық. Біздегі бағанағы төрт қалада 125 мыңнан астам халық тұрады. Тағдырлары да, проблемалары да ұқсас. Мұндағы жұрттың әлеуметтік тірліктер, осы жердегі көшбасшы кәсіпорын жұмысының тұрақтылығына тікелей байланған. Айталық, Риддер мен Зырян қалалары тұрғындарының басым бөлігі «КазЦинк» АҚ-ның қарамағында жұмыс істейді. Бұл кәсіпорынның әлеуметтік салаларға баса назар аударатынына көзіміз жетті. Ол өткен жылы ғана облыстағы әртүрлі әлеуметтік бағдарламаларға деп екі миллиардтай қаржы құйды. Ал, шағын қалалардың барлығына бірдей «КазЦинк» сынды алпауыт инвестор табу қиын. Мәселен, Серебрянск қаласының тамырына қан жіберіп отырған – органикалық емес өндіріс зауыты. Ондаған мың тұрғынның жан сақтау көзі тікелей жаңағы зауытқа байланысты. Зауыт банкке белшесінен қарыз. Сондықтан бұл зауытты «Ертіс» өндірістік компаниясының құрамына енгізу жайлы мәселені Үкіметке қойып отырмыз. Оны қарыздық берешегінен тек « Ертіс» қана құтқара алады. Мәселені осылай шешу тиімді болатын шығар.
Біздерде «КазЦинк», «Өскемен ТМК», «Қазақмыс» сынды алып кәсіп­орындармен тығыз қарым-қатынас орнаған. Әлеуметтік әріптестіктің үлкен іс-тәжірибесі бар. Соны пайдаланбақпыз.
Шағын қалалар – мелекетіміздің құрамдас бөлігі. Мәселен, тоғыз жолдың торабында орналасқан, 40 мың тұрғыны бар Аякөз қаласында түйіні шешілмеген мәселелер жетерлік. Ол қаланың жоғарыдағы тізімге енуге қоғамдық, саяси, тарихи толық қақы бар. Жалпы, бұл секілді қалалардың өсіп-өркендеуіне барлық қазақстандықтардың мүдделі болатындығы шындық.

                                                                                                                                        Источник: http://dmk.kz

Просмотров: 2509 | Добавил: Textilshik | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
our partners
  • http://vk.com/ayaguz_72237
Республика Казахстан, Восточно-Казахстанская область, г.Аягоз



+7 701 688 64 06 elmurat_yusupov@inbox.ru
Elmurat Yussupov